Бұның қолбасшысы етіп, он сегіз жасар жас батыр Сыбан Доржыны (Қалден Цереннің ортаншы баласын) бекітті. Бесінші қол Түп өзенінің бойына, Ыстық көлдің жағалауларына қостарын тікті. Бұл қолға қолбасшы боп, Қалден Цереннің үлкен баласы Лама Доржы тағайындалды. Алтыншы қолды Шуға құятын Үлкен Кебен өзенінің алқабына жинады. Бұған қолбасшы етіп, Меркиттен шыққан ақсүйек ноян Церен Доржыны тағайындады. Жетінші қол боп, Сыбан Раптан қонтайшы өз туын (Жоңғар әскерінің бас туын), осы күнгі Құлжа қаласына таяу Талқы асуының оңтүстік-батыс тұсына тікті.

Осылай, Алатау бөктерін жайлаған қалың елді қоршай, Сыбан Раптан әскері тұрды. Тек қонтайшының «Алға!» деген әмірі ғана қалған.

Сыбан Раптан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жыл- қылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді.

Бүгін күн бүкіл Түркістан уәлиеті мен Жетісудың күншығыс-солтүстігін айнала қоршап тұрған қалың әскердің ызғары соққандай, бір түрлі сұсты еді. Дәл жер сілкінердің алдындағыдай, өзінен-өзі тұншыға безерген дүние. Бұл қорқынышты адамнан басқа өзге тірінің бәрі де күні бұрын сезеді-міс. Жылан інінен шығып, тышқан өзен жағасынан алыс кетуге тырысады деседі… Дәл осындай бір ауыр жағдай бүгін де күннің ашықтығына қарамай, адамның иығынан басып, бүкіл әлемді тұншықтырып бара жатты. Жоңғар қақпасынан соғатын салқын жел, әдеттегідей жұпар аңқыған жасыл шөп иісінің орнына төгілген адам қанының жылымшы иісін жеткізді.

Дәл осы күні түнде Түркістанда тағы бір оқшау оқиға болды. Хорезм, Хиуа елдерін Сайбанның баласы Темір сұлтаннан тараған Жәдігер, Хаджім, Ақатай атты хандар билеген — 1696–1697 жылдары Хиуа тағына осы хандардың соңғы ұрпақтарының бірі Уәли отырған. Бірақ өзінің тентек, есерсоқ және сәл есуастау мінезімен жұртты басқара алмай, қазақ жеріне қуылып келген. Осы кездегі Орта жүздің ханы Тәуке оны Яссыға даруға еткен. Уәли Түркістан әмірі болысыменен үш айдан кейін дүние салған.



11 из 313