
Қазақ елінің жағдайын дұрыстап түсіну үшін, Бірінші Петр патшаның бұйрығы бойынша, Сібір губернаторы Гагарин қазақ жеріне Борис Брянцев басқарған арнаулы елшілер шығарды. Бұл елшілер тобы 1728 жылы Көкек айының бесі күні Жайық жағасындағы Кіші жүз ханы Әбілқайырмен, жаз тоқсанның алғашқы айының жиырма бесі күні Түркістандағы Орта жүз ханы Қайыппен кездесті.
Қазақ жеріне жеткен елшілер ең алдымен, бұл арада сауда-саттықты молайтудың сан жолы бар екенін ұқты. Қазақ даласы арқылы Азияның ұлы мемлекеттеріне, әсіресе, ар жағында жатқан Үндістанға қол созуға болатынын көрді. Қиял қанатты Бірінші Петр патшаның да күткені осы еді. Ол Азияның ұлы мемлекеттеріне жол ашу — Россияның дүние жүзіндегі ең құдіретті патшалықтарының қатарына қосылуы деп ұғынған. Әбден күшейіп алған және өзінің ұлы патшасы «аспанға шапшытқан» Россия бұл кезде Англия, Франциялармен қатар басқа елдерін отарлау бәсекесіне молынан кіріскенді. Бірақ қазақ даласы мен Орта Азияға Россияның келуі — отаршылық саясатының толып жатқан қиянатына қарамай шағын елдерге Қытай үстемдігінен көрі анағұрлым жеңіл зәбір еді. Бұл қоғамдық әрекет тарих жүзінде өзінің маңызды орнын алды. «Шынында да шығыс елдерінде Россия прогрессивтік міндет атқарып отыр… Россияның бұл үстемдігі Қара теңіз бен Каспий теңізінің тұсында, Орталық Азияға мәдениет әкелді» деп жазды соңынан Энгельс.
Орыс елшілерінің тағы бір түйгені — ол қазақ хандарының қазіргі күнде Жоңғар қонтайшысына қарсы тұра алатын күшінің жоқтығы болды. Бұл жөнінде Брянцев экспедициясы қазақ хандығына жәрдем беру саясатын қолдады. Сонда барып, Бірінші Петр Жоңғар хандығына елші жіберуге бекінді. Бірақ жіберген елшісі Унковский қайтып келіп, Петр патша тиісті қорытынды істегенше, жоңғар мен қазақ арасы әлем-тапырық болды да кетті.
