
Тәуке әмеңгершілік салтыменен оның жесірі Нұрбикені өзі алған. Жеті айдан кейін ханым Абылай атты ұл тапқан… Бұл бала, емшектен шықпай жатып, шешесімен бірге нағашы жұрты Алтын хан еліне кеткен. Төркіндеп барған Нұрбике кенет ойламаған кеселге душар болып, сол Алтын хан жерінде қаза болған. Жалғыз қызынан айрылған қайын атасы Тәуке ханға: «Жалғызымыздан айрылдық — аққан бұлағымыз суалды, жанған шырағымыз сөнді. Өзі кетсе де көзіндей көріп бауырымызға салып өсірейік, бұдан да өзге балалары бар ғой, Абылайжанды ат жалын тартып мінгенше бізге қисын. Есін білген соң елін өзі де табар» деп елші салған. Тәуке жастары келіп қалған қайын ата, қайын енесінің көңілдерін қалдырмаған, екі жасар Абылай солардың қолында қала берген. Сол Абылай он жетіге шыққанда Тәуке хан өлерінің алдында сонау Алтын хан өлкесінен елін іздеп, өзі келген. Тәуке ұлан асыр той жасап, «он бесінде отау иесі» деген дәстүрмен, сол жылы Абылайды өзінің үзеңгілес серігі, қырғыз елінің шоң манабының бірі Тиестің кіші қызы — он төрт жасар Зеренге үйлендірген. Алдына қыруар мал салып, ақ отауын тігіп, оңаша ауыл еткен. Жыл өткеннен кейін Зерен арудан егіз ұл туған. Бірінің атын Уәли, екіншісінің атын Балқы қойған. Тәуке хан екі елдің қыз-бозбаласын, батыр-балуанын, игі жақсыларын шақырып, тағы ұлан-асыр той жасаған, егіз немерелері болғанына жас баладай қуанып, шаттыққа бір кенелген.
Бірақ Тәуке Абылайды алғашқы көрген күні-ақ таң қалды. Қара сұр, ат жақты, үлкен сұр көзді. Түсі орасан суық. Адамның бетіне қарағанда, екі көзі тасырайып, ең болмаса кірпіктерінің ұшы да қимылдамай, өңменіңнен өтіп кете жаздайды… Оның үстіне, Күлмес хан тәрізді, езу тартып күлімсіреуді білмейді. Тәукенің өзіне де, атасы Есім ханға да ұқсамаған. Әлде арғы бабам Шағай ханға тартты ма екен, — деп ойлайтын кейде Тәуке, — со кісінің түсі осындай суық болған деуші еді қариялар. Көп кешікпей, Тәуке Абылайдың тағы бір жан шошырлық мінезін аңғарды. Ол өзге балаларындай емес, мал бауыздауға құмар боп шықты. Бұны Тәуке Шыңғыс тұқымына тартқан қаттылығы шығар деп ойлады алғашқы кезде, бірақ бертін келе бұның қанқұмарлығы мүлде шектен асып кетті. Жас жігіттің қанды көрсе, жаны жай табатыны байқалды. Жұрт оған сырттай «қанішер» деген ат тақты.