Үлкен талас-тартыспен, қазақтың басты билерінің қолдауымен Орта жүз тағына Есімханның екінші баласы, Жәңгірдің інісі, Сырдақтың немересі Керей сұлтаннан туған Қайып отырды. Тәуке оқи алмай кеткен орыс әкімдерінің сәлем хатын бұл оқыды. Сол күні-ақ ол Уфаға «Ұшпу хатларыңызды алып қуанып қалдық» деп жауап қайырды. Қайып немере ағасы Тәукенің ұстаған жолын дұрыс деп тапты. Сол жылы жаз тоқсанның аяғында Тобыл қаласындағы Сібір губернаторы Гагаринге Екешұлы Бекболат би мен Бөріұлы Байдәулет ақсақалды бас етіп, елші жіберді. Губернатор ақ патша ағзамға жеткізсін деп арнаулы хат жазылды. Бұл хатта орыс елі бізбен мәңгі-бақи тату болса екен, екі ел бірігіп, Жоңғар қонтайшысына қарсы шығалық, оған біз жиырма-отыз мың атты әскер берер едік деген қазақ елінің тәуелсіздігіне зор маңызы бар тілектермен бірге қазақ саудагерлерінің Тобыл қаласына келіп сауда жасауына рұқсат сұрады.

Бекболат пен Байдәулет ақсақал губернаторға: «Қазақ жігіттері орыс қалаларына тимейді. Ал тиер болса, оларға өлім жазасына дейін шара қолданылады. Керек десеңіздер, ондай адамдарды ұстап алып, Тобыл қаласына жүргізуге бармыз», — деген ханның ауызша сәлемін де жеткізді.

Мұндай хат Қазан мен Уфаға да жолданған. Гагарин Қайып ханның хатын Петербургке жіберді. Сенат қазақ ханы мен халқының өтінішін шын ықыласпен қарсы алды. Бұған Бірінші Петр патша да қосылды. Тек бірігіп Жоңғар қонтайшысымен соғысалық деген Қайып ханның тілегін қабылдамады. «Қазақ жұрты бізбен дос елдермен соғыс ашпай, тату-тәтті тұру керек», — деді. Ал Қайып хан қазақ халқының тәуелсіздігі мен жер-суын сақтап қалу үшін, күншығысы мен оңтүстігінен қысып келе жатқан жауларына төтеп берудің жолы — Россияның көмегіне сүйену екенін есінен шығара алмады. Әсіресе, мұндай шешімге келуге бір мың жеті жүз он жетінші жылғы Аякөз өзенінің жағасында өткен ұрыс себепкер болды. Бұл ұрысқа Қайып пен Әбілқайыр бірігіп шыққан. Екі жақтан отыз мыңдай әскер қатысқан. Қазақ қолы Сыбан Раптан әскерінің осы бір бөлігінің өзінен жеңіліп қала жаздаған. Бұл ұрыс Сыбан Раптанның қазақ әскерінің қандай күйде екенін білудегі елеулі күш жұмсаған алғашқы барлауы еді.



8 из 313