
Аздан соң көш қалың қопалы, көкпеңбек ойпатқа енді. Бұл ара Қаржас руының ең шалғай жайлауы. Бұдан әрі Балқаш өлкесі, Сарысу алабы, Сыр бойы басталады. Самсай көшкен жұрт арт жақтарында бұлдырай қарауытқан Арқа тауларына алаңдай бастады. Қазір күн батады, жабылған ымыртпен бірге туған өлкенің ең соңғы селеуіті де өшпек. Арттарына бұрылып қараған сайын жүрегіне суық семсер тигелі тұрғандай көңілге мұң, көзге жас келді. Алда не күтіп тұр? Бақыт па? Михнат па?
Дәл осы сәтте батып бара жатқан күнменен бірге азалы, зарлы үн естілді. Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен, жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, «Елім-ай» әнін салған он төрт-он бес жасар қара торы қыз бала көрінді. Табиғат қинаған бейкүнә еліктің баласындай жылап келеді.
Көшке ерген жұрттың көңіл-күйін дәл шерткендігінен бе, тірі пенде оның әнін бұзар емес. Төмен қарап уһлей береді. Сейтеннен «тоқтат» деген бұйрық болмаған соң, жұрт әнді мұңая тыңдауда. Қыз бала шырылдай толқиды:
Туған жердің қия алмай тау мен тасын,
Біз келеміз тыя алмай көздің жасын,
Не жазып ек, жасаған, таптатардай,
Көрінгенге халқымның алтын басын.
Арман етіп жазылмас жан жарасын,
Ата-мекен тастадық кең даласын.
Өз жеріңе сыя алмай барғаныңда
Өгей елден, қайран жұрт, не табасың?
Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,
Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып,
Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі,
Неге тудық бақытсыз халық болып.
Қыз баланың әні Сейтеннің көкірегін тырнап жатқан тәрізді, қабағы салбырап тұнжырай түскен. Егер ән бұдан әрі созылса сонау артта қалып бара жат- қан туған жеріне деген қасіреттен жүрегінен қан тамшылайтындай көрінді. Осы бір бұлқан-талқан болып келген күйікке шыдай алмаған Сейтен «тоқтат!» деп қолын көтерді, қыз әні пышақ кескендей үзілді.
