Енді көш шұбалаңдамай, алды-артын жиып, көлді ығыстай таяп келеді… Алдарында жазық алаң, одан өтсе, арада қол созым жерде өздері қашып бара жатқан өгей өлке.

Сейтен бірдемеден сескенгендей атының басын тартты. Алдынан көлмен қатарласа созылған қалың қопа қамыстың өздері беттеген көз жетер-жетпес бір тұсынан, әлдене қараң ете түскен тәрізденді. Көзі қанша қырағы болса да не екенін анық айыра алмады. Аң дейін десе, кісі бойы қамыстан қалай көрінеді? Адам дейін десе елсіз қалың қопаның арасынан не таппақшы? Ұры-қары дерлік, бұл ара қара жолдан шалғай… Әлде бұлардың ізін аңдыған жау ма?

Сейтеннің көңіліне күмән кірді. Бірақ Ожар оны бұл күдіктен ада етті. Сейтен көргенді бұ да көрген екен.

— Сейтеке, — деді ол атын тебініп таяй түсіп, — көшті жинақы ұстамаса болмас. Бұл Мың арал қойнауы қорқынышты. Қабан да, жолбарыс та бар десетін. Жаңа байқадыңыз ба, әне бір тұстан жүгірген қасқырды?..

— Мен адам ба деп едім.

— Бұл араға адам қайдан келсін. Мен анық көрдім. Қасқыр. Сірә қоян қуып жүрген болуы керек, секіре жүгірген түрі сойқан.

— Қасқыр болса қасқыр шығар. Жассың ғой, анық көрген болсаң…

Енді көш бұрынғысынан жинақы жүрді. Сойыл, шоқпар ұстаған қарулы жігіттер жан-жағынан қоршап, мал біткенді ортаға ала, шашау шығармай, тұтаса түсті. Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана:

— Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, — деді Ожар. — Қатын, бала әбден қалжырады, жігіттердің де кейбіреулерін ат соғып тастағанға ұқсайды.

— әлі де жүре түссек… Қонуға бір қауіпсіз алаң таппасақ болмас.

Көшке бұл өңір мүлде бейтаныс. Жолды қан-сөлсіз сұр бетті, шілтиген Сәмен ғана біледі. Жөн көрсетіп келе жатқан да сол.

Ол Ожарға бір көз тастап, Сейтенге қарады.

— Мұндай жедел жүріске жұрт шыдар емес. Ат шалдыруға да осы ара дұрыс. Бұдан әрі шалғын азаяды да қамыс-қурай көбейеді.



11 из 348