
Сол мезетте-ақ кеуде тұсында бірдеме жыбырлаған сияқтанды. Алақанын сәл жұма, оң қолын кеудесіне қойып ұйықтайтын әдеті бар еді. Кенет аш қарнына сұп-суық бірдеңе тиді. Сейтен жылан екенін бірден сезді. Қозғалуға болмайды. Таулы жердің жыланы уытты келеді. Жылан сырғып кеудесіне таман келе жатыр. Мұндай суық, мұндай ызғарлы болар ма! Талай ажалға қарсы ұмтылған Сейтен батыр, жүрегі аттай тулап демін әзер алды. Баяу сырғыған жылан бір кезде Сейтеннің сәл жұмулы алақанының арасына басын сұқты. Лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түстес тау жыланының өзі. Егер саусағының бірі дір етсе бітті, улы тілін салып алуы кәміл. Енді жылан басын алақан қуысынан өткізіп, әрі қарай жылжи берді. Сірә, тамақ тұсына келіп оралмақ. Сейтен бала жасынан жылан-шаяннан қорқып көрген емес. Мұндайдың талайын табанына басып улы тілін суырғаны бар. Әдет қылған қолдың білектей жуан жыланның алқым тұсынан қышқаштай боп қалай жұмыла қалғанын Сейтен оны қойнынан алып шыққанда бір-ақ білді. Жылан иретіле, бұлқына білегіне оралғанмен, күшті қол алқымынан бір-екі рет мытып-мытып қысып жіберді де, бос бүйендей өлексесін солбаң еткізіп анандай жерге топ еткізді.
«Мынау Ожар да қойнына кіргелі тұрған сондай шұбар жылан емес пе екен?» Ожар қанша шомбал болғанмен Сейтеннің құрыштай қатты қарулы қолының бір мытығанынан қалмайды. Бордай опырылып ат үстінен құлап түседі.
Ожар Сейтеннің ашулы қабағынан бір сұмдықты сезді ме, жаңағы аңғырт айтып қалған сөздерін жуып-шайды.
— Қоқан құшбегілеріне сену қиын. Жеңілтек әйел тәрізді, өздерінің көңіл ауған жағына қарай жалт ете түсулері оп-оңай… Есіл ерлер аңғалдықпен мерт болып жүрмесе нетсін.
«Жоқ, Ожар баяғы Ожар. Мұнымен бірге бір қайыққа мінуге болады». Сейтен жан-жағына ойлана көз тастады. Күн кешкіріп қалған екен. Дала құмайт топырақтанып, жаз ортасы ауып сары балақтана түскен, таспа жоңышқа мен жатаған, шеңгел кездесе бастаған. Әр тұста ойдым-ойдым қалың қарағай көрінеді.
Күн соңғы сәулесін адыр үстіне жайып салып, меңіреу даланы қызғылт сәулеге бөлеп, батуға айналған.