— Айтқандарың болсын… — Сейтен өзі бірінші боп аттан түсті. — Жұрт таң сыз бергенше көз шырымын алсын… Ал біз кезектесе күзетелік.

— Мақұл.

Түйелер шөгеріліп, арбалар доғарылып, жұрт дабырлай орныға бастады.

Сейтен жанына топырлай жиналған серіктеріне:

— әр қарауыл бір бие сауымдай уақыт көшті айнала жүреді. Алғашқы кезек өзімдікі, — деді. — Менімен бірге қайсың қаласың?

— Мен.

— Мен.

— Мен.

Зор денелі үш жігіт топтан бөлінді.

— Сізден кейінгі кезек менікі, — деді Ожар.

— Жата бер. Бір таңға шыдармын!

— Сіздің әрқашан да тың болғаныңыз жөн. Біз секілді жастарға түнгі күзеттің өзі де бір қызық дәурен ғой.

Сейтен жауап бермеді. Жұртқа:

— Ал ұйықтаңдар! — деп, қарауыл жігіттерін ертіп, бөлініп шыға берді.

Аздан соң жол соғып қалжыраған жұрт қатты ұйыға кетті. Сайдың тасындай ер жігіттер шоқпарларын бастарына жастанып, сойылдарын жандарына жатқызып, жүйріктерін белбеулеріне байлап, көштің ішіне шашырай орын алды. Әрі-беріден соң әр жерден қорылдаған, пысылдаған дыбыстар естілді.

Дала тып-тыныш, тек анда-санда лүп етіп соққан желмен ойнап үкілі қурай мен қамыс бастары шуылдай жөнеледі де, лезде тына қалады. Оқтын-оқтын көл жағасындағы әупілдектің күмпілдеген үні мен өгіз шағаланың өкірген айқайы естіледі. Кенет аш түлкінің тырнағына іліккен жапалақ жерге құлаған баланың даусындай шар етеді… Тұяқ серіппей тыным алған көш. Әр жерде ұйқы білмес сиырдың мүйізіндей қақырайған төрт күзетші… Бұлар да жантайып азырақ демдерін алса ештеңе етпейтін сияқты. Туған жерінен шұбыра безген бишара жұртқа Жетісу мен Арқа түйіскен елсіз аулақта кім тимек? Кім аңдиды оны? әйтсе де, үнсіз түн құрылған қақпан тәрізді, елең болған жөн…

Ай сәулесі кеми, аспандағы жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп, таң жақындағанда, Ожар қасына Сәмен мен көш қозғалар алдында қосылған көршілес ауылдың екі бейтаныс жігітін ертіп Сейтеннің қасына келді.



12 из 348