— Сейтеке, таң да жақын… Азырақ көз іліндіріп алыңыздар, — деді ол.

«Сәл тынығып алған да теріс емес, тыныш секілді ғой. Ертеңгі жол да ауыр», — деп ойлады Сейтен ішінен. Сөйтсе де:

— Жарайды, ұйықтамасам да белбеуімді босатып, сәл тыным алайын. Жігіттер де сөйтсін, — деді. Бірақ кетіп бара жатып тағы да тоқтап азырақ кідірді, — дегенмен сақ болыңдар, көл маңының қамысы тым үрейлі екен, қасқыр, қабаннан ада емес шығар.

Өзі өзгелерден оқшаулау барып, екі қолын басына жастанып үн-түнсіз жата кетті…

Күзеттегі төрт жігіт бірінен бірі көз жазбай көшті айнала жүр. Сырт бейнелері сақ құлақ, жіті көз қарауыл тәрізді.

Сейтеннің қобалжыған көңілі орнығайын деді. «Осылар секілді, «сен тұр, мен атайын» ер азаматтары бар жұрт қор болар ма… Мұндай жайсаңдарыңның мол жаралғанына құдайға шүкір…»

Алты күннен бері «қуғыншыға кездесіп, соңымнан ерген жұртты қырғынға ұшыратпасам етті» деп қобалжи шаршаған көңілдің орныға бастағанынан ба әлде көптен бері ат үстінен түспеген денесі талмаусырады ма, Сейтен аспанда ақырын жүзген айға қарап жатып ұйықтап кетті.

Дәл осы кезде Ожар мен Сәмен көштің алдыңғы жағындағы қалың қамысты түбек тұсынан айнала өтіп бара жатқан-ды. Олардың құлағына қамыс арасынан:

— Ожар, біз дайын, — деген әлдекімнің дірілдей сыбырлаған үні естілді.

Ожар кілт тоқтай қалды. Бұрылмастан:

— «Қақпанды қоя білмеген қасасын қалдырар», әкеңнің аузын… Бағана күн батарда біреуің көзге түсіп, Сейтенге елең туғыздыңдар. Жаңа ғана жатты. Біз қазір оны байлаймыз. «Аттан!» деген ұран шыққанда, қапы қалмаңдар!.. — деді ақырын ғана.

Ол көшті айнала жүре берді. Бүйірден қосылған Сәменге:

— Қазір Сейтенді аламыз, — деді.

— Ояу жатқанда ма?! — Сәменнің үнінен қорқыныш лебі аңғарылды.

— Ендігі ұйықтап кеткен шығар. Ұйықтамаса да алу керек! Жақып, сен Сақыпқа бар, шөккен түйелерді қалқалай аяқ жағынан келсін. Өзің құбыладан. Дыбысын шығартпай басайық.



13 из 348