
— Құп.
— Сейтен сергек ұйықтайтын. Үстінен құс өтсе де оянатын. Сыбырды сезіп, орнынан атып тұрмақшы болды. Бірақ кенет үстін албастыдай басып алқымынан қышқаштай жабысқан темір саусақтар үнін шығартпады. Кеудесіне мінген шойындай ауыр шомбал дене мен екі қолын ұстаған екі балуан жігіт бұны тырп еткізбеді. Әні-міне дегенше екі қолы артына қыл шылбырмен маталып, аузына орамал тығылды. Екі көзі су қараңғы болып байланды. Сейтеннің көкейінде: «әттең! әттең!» деген арман ғана булыға тулады.
— Бұның кебіні кигізілді, — деді өзіне таныс күңгірт дауыс, — Сәмен, сен осы арада бол. Ал сендер сарбаздарға жетіңдер. Белдеріне байлаған аттардың шылбырларын кесіңдер, ер-тоқымдарының оң үзеңгілерін шешіп алыңдар!
Сейтен қыл шылбырды білегіне батыра бұлқынып-бұлқынып түсті. «Япырмау, мынау дауыс кімдікі? Ожар ғой! Сорлы жүрек, бекер сес бермеген екенсің? Қап! Қап!» Ол аздан кейін өзінің жалғыз қалғанын аңғарды. «Жоқ жалғыз емес шығармын. Жаңа ғана Ожар «Сәмен, осы арада бол» деген жоқ па еді? Сонда бұл да жау болғаны ма? Шыққыр көзім, нені көргенсің!» Сейтен ауға түскен мекіредей жанталаса тулай берді.
Дегенмен, жау ниеті де өз дегенінен шыға қоймағандай. Ұйқыдағы сарбаздардың тең жартысының аттары босатылып, кейбіреулерінің оң үзеңгілері алынып қалған кезде, түсінен шошып оянған жас жігіттердің бірі сұмдықтың болғанын бірден аңғарды. Қараңдаған кісілерді көріп:
— Жау келді! Жау келді! Аттан! Аттан! Сейтен аға! — деп құлындағы даусы құраққа шығып жар салды. Барымта, шабуылға үйренген жұрт орындарынан атып-атып тұрды. Таң қылаң беріп қалған кез еді, қалың қамыстан қуғынға жіберілген қырық-отыз салт атты сыпайлар да шыға келді. Шаңқ-шұңқ еткен білте мылтықтың даусы естілді. Үрген ит, жылаған бала… Атылған мылтық… «А, құдай, өзің сақта» деп үріккен, қорыққан дауыстар жан-жақтан үрейлене жамырай, жаңа ғана ұйқыда жатқан бейқам көш азан-қазан болды да қалды. Кенет:
